Әлеумет

Әлеуметтік саланы жаңғырту — басты міндет

 «2023 жылдан бастап Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян  сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын ала жасалады». 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан.

Бүгінгі таңда еліміздің әлеуметтік саласын жаңғыртуға ерекше назар аударылып отыр. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында айтқан тапсырмасына орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірледі.

Әлеуметтік кодексті әзірлеудегі мақсат — азаматтардың өздерінің әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін іске асыруы үшін институционалдық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау. Ал жаңа кодекстің негізгі мақсаты —халыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру. Әлеуметтік кодекс азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, адам өмірінің әрбір кезеңіне қатысты бөлімдерді қамтиды. Бұл қазақстандықтарға мемлекеттік қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік кодекстің жобасында отбасылық цифрлық карта енгізу, жұмыспен қамтудың саясаты, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларға қолдау көрсету шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру мәселелері қамтылған. Әлеуметтік кодекстің жобасы туралы бізге Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаменті №2 зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Жаңыл Аймұхамбетова кеңірек түсіндіріп берді.

Отбасының цифрлық картасы не үшін қажет?

Қарапайым тілмен айтсақ, отбасының цифрлық картасы — дерекқор, яғнибұл жүйеде әр азамат туралы барлық дерек жиналады. Сондықтан Отбасының цифрлық картасы барлық азаматқа, әр отбасыға керек. Өйткені бала өмірге келгеннен бастап зейнетке шыққанға дейін осы карта қажет болуы мүмкін.

Бұл картаның пайдасы сол — жәрдемақыларды проактивті форматта, яғни көмек алушыдан өтініштің түсуін күтпей-ақ тағайындауды қарастырады. Яғни бұл — азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретінэлектронды хабарлаушы.

— Мемлекет азаматқа ақпараттық жүйе арқылы тиісті органдарға жүгінбей-ақ, мемлекеттік қолдаудың қандайда бір түрін алуды ұсынатын болады.Бастапқы кезеңде мемлекеттік органдарға ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілді.Қазірдің өзінде цифрлық картада еліміз бойынша шамамен 19 миллионнан астам мүшесі бар 6 миллион отбасы туралы деректер қамтылып, «отбасы портреті» қалыптастырылды.Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға рұқсат белгіленген кезде жәрдемақы алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті рәсімдеу және әлеуметтік жәрдемақыны немесе төлемді бекіту автоматты режимдежүргізіледі, содан кейін қаражат алушының банк шотына аударылады, — дейді Жаңыл Аймұхамбетова. Сондай-ақ оның айтуынша, аталған пилоттық жоба кезең кезеңімен іске асырылады.

Биыл 1 қыркүйектен бастап жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды. Олар: баланың тууына байланысты әлеуметтік төлем, баланың бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты әлеуметтік төлем, мүгедек баланың күтіміне байланысты, сондай-ақмүгедектігіне байланысты жәрдемақылар. Тұрғындар 1 қазаннан бастап асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем, жұмыссыздыққа байланысты әлеуметтік төлем, көпбалалы отбасыларға тиесілі жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталғандарға тиесілі жәрдемақы, 1 қарашадан бастап зейнетақы төлемдері және атаулы әлеуметтік көмексекілді қызмет түрлерін жаңа форматта ала алады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тізім әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтіліп, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілмек. Ал 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылатын болады.

Бала күтіміне жәрдемақы төлеу мерзімі ұзартылады

Бүгінгі таңда балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы моделі мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 6 түрін қамтиды. Әлеуметтік кодекстің жобасында да осы әлеуметтік қолдау шараларының барлығы толық сақталған.Дегенмен отбасының жекелеген санаттарын қолдаудың қолданыстағы шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалық енгізіліп отыр.

Ең негізгісі, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жасқа дейін ұзартылады. Жаңа туған сәбиінің жанында көбірек болу әр ана үшін маңызды. Ендеше, бұл — аналарға жасалып отырған үлкен қолдау. Аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылады.Сондай-ақбала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болатынын білуге тиіс. Бұл төлем бүгінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар жүргізілген табыстың 40 пайызына тең. Ал жұмыс істемейтін немесе бала туғанға дейін, соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналаржәрдемақы мен төлемдерге мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер бола алады. Төлем мөлшері жәрдемақы мөлшері деңгейінде жүргізіледі. Жаңа Кодекс бойынша бала күтімін атқаратын ата-ана еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда, төлемдерреспубликалық бюджеттен берілетін жәрдемақы мөлшеріне сәйкестөленеді, — деп түсіндірді Жаңыл Аймұхамбетова.

«Наградталған аналар» мәртебесі енгізілмек

Әлеуметтік кодексжобасы бойынша енді «Наградталған аналар» мәртебесі енгізіледі. Бұл мәртебе көпбалалы ананың сіңірген еңбегін құрметтеу және тану ретінде өмір бойы «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар әйелдерге берілетін болады.

— Жаңа жоба бойынша наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерісараланатын болады. Бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алып отыр. Әлеуметтік Кодекс қабылданғаннан кейін «Алтын алқа» алқасымен, І және ІІ «Ана даңқы» ордендері мен «Батыр Ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар үшін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін артатын болады, — дейді бөлім басшысы.

Қазіргі кезде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Отбасының цифрлық картасында еліміздің 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған.

Базалық зейнетақы мөлшері артады

Қазіргі таңда еліміздің зейнеткерлері базалық және ынтымақты зейнетақыны бюджеттен, ал жинақтаушы зейнетақыны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алады.Зейнеткерлердің бірінші санатының толық еңбек өтілі бар және олардың зейнетақысының орташа мөлшері айына 125 мың теңгеден асады.

Екінші санаттағызейнеткерлердің (жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу кезеңіндегі зейнеткерлер) зейнетақы мөлшері бірінші топпен салыстырғанда төмен. Жаңыл Аймұхамбетованың айтуынша, екі санаттың арасында айырмашылық болуына бірнеше себеп бар, олар: бюджеттен ынтымақты зейнетақы тағайындау кезінде қолданылатын 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілінің азаюы, қазіргі таңда зейнеткерлік жасқа жеткен адамдардың 40 пайызға жуығында толық еңбек өтілінің болмауы, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің аз болуына байланысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 1998 жылдан бастап зейнетақы жинақтары көлемінің жеткіліксіз болуы.

Бұл алдағы жылдары, бір жағынан, зейнеткерлердің өсуі мен зейнетақы жүйесіне жұмсалатын шығыстардың ұлғаю, екінші жағынан, зейнетақылардың орташа мөлшерінің төмендеу қаупін білдіреді.Осы тәуекелдерді болдырмау үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар топтамасын ұсынған болатын.

Шаралар топтамасына сүйенсек, алғашқысы — 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыруды 61 жас деңгейінде тоқтата тұру. Бұл шара коронавирус пандемиясыныңазаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсер еткенін ескере отырып қабылданған. Сондықтан алдағы 5 жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Бұл ретте, ауыл медицинасына, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және қолдауға бағытталған оңалту орталықтары желісін құруға, сондай-ақ кеңейтуге ерекше назар аударылатын болады.

Келесі шарада 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін, ең жоғарғысын тиісінше 100 пайыздан 120 пайызға дейін кезең-кезеңімен жеткізу көзделген. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға дейін артатын болады. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13 пайызға жетіп, барлық 2 миллион зейнеткерді қамтымақ. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетке жаңадан шығатындар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшерін46-дан 55 айлық есептік көрсеткішкедейін арттыру ұсынылған.

Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға өсіругежәне жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша мемлекет «жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу кезеңіндегі зейнеткерлерді» қолдау міндеттемесін өз мойнына алып отыр.

— Үшіншіден, жұмыс берушілер есебінен қосымша зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен енгізу 2023 жылы 1,5 пайыздан 2027 жылға 5 пайызға дейін жүргізілмек. Бұл шара зейнетақысының мөлшері зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты азаматтарды (1975 жылдан кейін туған) қолдауға мүмкіндік береді. Олардың зейнетақысы үш компоненттен тұрады: мемлекеттен базалық зейнетақы, өз аударымдары есебінен жинақтаушы зейнетақы және жұмыс берушілер жарналары есебінен құралған шартты-жинақтаушы зейнетақы.Зейнетақының жаңа шартты-жинақтаушы компонентінің екеуінен артықшылығы: ол жинақтаушы жүйе сияқты аудару кезеңін, аударымдардың жиынтық көлемін бекітеді, бұл ретте ынтымақты жүйедегідей келіп түскен қаражат 1975 жылдан кейін туған және зейнеткерлік жасқа жеткендердің зейнетақы төлеміне бағытталатын болады. Бұл жүйеден зейнетақы өмір бойы төленетін болады, — дейді Жаңыл Аймұхамбетова.Сондай-ақ ол осылайша мемлекет, жұмыс беруші және қызметкердіңөзі қазіргі жас ұрпақты зейнетақымен қамтамасыз етуге жауапты болатынын, мұндай шара әлемдік тәжірибеде барын, әрі бұл жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі екенін айтты.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button